08.01.2024

Қаржы министрлігі Азия Даму Банкі бөлген несие ақшасы қандай мақсаттарға бағытталатынын айтты, деп хабарлайды LS

2023 жылдың желтоқсан айында Азия даму банкі Қазақстанға экономиканың тұрақтылығын арттыру үшін $350 млн мөлшерінде несие мақұлдады.

Қаржы министрлігі LS-ке несие беруге республикада қабылданған әлеуметтік-экономикалық реформалар негіз болғанын түсіндірді.

"Бюджет кодексінің 205-бабына сәйкес, үкіметтің қарыз алуы республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында жүзеге асырылады. Азия баму банкінің жоспарланып отырған несие ақшасы ел бюджетінің тапшылығын жабуға бюджеттік қолдау ретінде тартылады", - делінген редакцияның ресми сұрауына жауабында.

Министрліктің мәліметінше, бұл қаражат маңызды мәнге ие. Өйткені шығыстар кірістерден асып кеткен кезде қазынаны толық қаржыландыруға және бюджетте көзделген мемлекеттің әлеуметтік және басқа да міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен айда Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің директорлар кеңесі Қазақстанға $350 млн-ға республикалық қазынаның тапшылығын ақшалай қолдау үшін Азия даму банкінің несиесіне қоса қаржыландыру ретінде қарызды мақұлдаған болатын. Бұл қаражатты биыл игеру жоспарлануда.